КАДР МАМАНЫ ҚҰРМЕТТІ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҚТЫ

20 Ноябрь 2025

«Қаражанбасмұнай» АҚ персоналды басқару және еңбекақы төлеу департаменті ұжымы кадр маманы Амангүл Байзулаеваны зейнет демалысына шығарып салды. Бас директордың кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Жасұланбек Таңатов компания дамуына зор еңбек сіңірген маманға адал қызметі үшін алғыс айтып, құрмет көрсетті.

Амангүл Байзулаева он үш жыл бойы кен орнындағы персоналды басқару және жұмыс уақытын есептеу бөлімінің маманы ретінде кадр саясатының сапалы жүзеге асуына аянбай еңбек етті. Ол кәсіби біліктілігімен, еңбекқорлығымен және адамгершілік қасиетімен үзеңгілестеріне үлгі болып, жастарға қызметте оң бағыт көрсеткен тәлімгер.

«Біз берілген тапсырмаға мұқият қарап, өз ісін асқан сүйіспеншілікпен  орындайтын әр қызметкерімізді қадірлейміз. Сіз солардың бірі әрі бірегейісіз. Енді қызмет белесін абыроймен еңсеріп, өміріңіздің жаңа белесіне қадам басқалы отырсыз. Бұл да бағалай білген жан үшін нағыз бақыт пен берекеге толы кезең. Құрметті демалысыңыздың әр күні мағыналы да мәнді өтуіне тілектеспіз!»,- деді Ж.Таңатов.

Компанияның кадр қызметі – қарбалас жұмыс пен нағыз маман ретінде шыңдалатын қайнаған еңбек ордасы. Департамент ұжымы зейнетке шыққан әріптесіне жылы лебізін арнап, жұмыс барысындағы естеліктерді еске түсірді. Амангүл Байзулаева да баршаға алғыс айтып, Қаражанбаста өткен әр жұмыс күні көңіл күнделігінде алтын әріппен мәңгіге таңбаланатынын жеткізді.

Жарияланған күні:
20 ноября 2025

Бөлісу: