ҚАРАЖАНБАСТАҒЫ «ДУБЛЕР КҮНІ» ЖОБАСЫ

17 Ноябрь 2025

Қаражанбас кен орнында цех басшылары лауазымдық міндеттерін тәжірибеден өтіп жүрген студенттерге тапсырды. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Персоналды оқыту және дамыту бөлімі өткізген «Дублёр күні» жобасына қатысушылар бір күн бойы қызмет ауыстырып, жұмыс барысын басқа қырынан көруге мүмкіндік алды.

Пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының учаске басшысы Асылхан Сәлімгереев өзіне бекітілген ізбасары, Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің студенті Берекет Ерсайынға қызметін толық таныстырып, тапсырмаларды үйлестіру жолдарын көрсетті. Басшы тәжірибеден өтушіге жұмыс орнындағы қауіпсіздік талаптары, ұжымдағы жұмысшылар міндеттері және учаске жұмысының маңызын жан-жақты түсіндірді.

Ал №2 мұнай өндіру цехының басшысы Самат Маханбетов тәжірибеден өтуші – Yessenov University студенті Әділбек Қанатбайға мұнай өндіру барысын қадағалап, жабдықтардың жұмысын бақылау тәртібін және өндіріс көрсеткіштерін талдау тәсілдерін тапсырды. Студент өндірістің жауапкершілігі жоғары тұстарымен танысып, цех басшысының қызметін лайықты атқаруға тырысты.

Өндірісті автоматтандыру цехының басшысы Ернұр Ізбасаров дублёрі энергетикалық колледж студенті Ақылбек Нұрбайға автоматтандыру жүйелерінің жұмыс принципін, технологиялық деректерді жинау және талдау процесін таныстырды. Сонымен бірге ол цифрлық шешімдердің өндіріс тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырудағы рөлін түсіндіріп берді.

«Дублёр күні» жобасы Қаражанбас кен орнында тәжірибеден өтіп жатқан болашақ мамандардың өндіріске бейімделіп, дағдыларын дамытуға бағытталған. Ал цех басшылары үшін бұл – тәжірибе бөлісіп, жас буынды қолдауға зор мүмкіндік.

Жарияланған күні:
17 ноября 2025

Бөлісу: