ҚАРАЖАНБАС МҰНАЙШЫСЫ – ТӨРТ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

17 Ноябрь 2025

Сүйінші! «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшысы төрт дүркін Әлем чемпионы атанды. №3 мұнай өндіру цехының операторы Нартай Алтыбаев Қытайдың Хайнин қаласында өткен кір тасын көтеру жарысында ерлер және ардагерлер арасында топ жарып, қос алтын медаль алды.

Байрақты бәсекеге әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты спортшылар жиналды. 73 келі салмақта өнер көрсеткен әріптесіміз 24 келілік кір тасын 10 минутта 213 рет көтерді. Бұл нәтижемен ол ерлер және 40-44 жастағы ардагерлер арасында үздік деп танылды. Өлке мұнайын игеруге атсалысып жүрген Нартай тек компаниямыздың емес, тұтас еліміздің абыройын асқақтатты.

«Әлем чемпионаты – ең ауқымды әрі кіл мықтылар сайысатын салмақты жарыс. Мұнда тұрақты жаттығу, техника және ерекше психологиялық дайындық қажет. Жарысқа барлығы жеңіс үшін келеді ғой. Бұл жолы да мақсатым айқын — жетістігімді жаңарту болды. Сеніммен үміт артқан жандарға мың алғыс!»,— деді Әлем чемпионы.

Нартай Алтыбаев – Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол негізгі қызметінен бөлек, жасөспірімдер мен әріптестерін кір тасын көтеруге баулып, талай чемпион шығарған бапкер. Спортты серік еткен мұнайшы әлі талай көк байрағымызды көкте желбіретуге ниетті.

Жарияланған күні:
17 ноября 2025

Бөлісу: