
26 қаңтар – «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның тарихы бастау алған ерекше маңызды күн. Осыдан тура жарты ғасыр бұрын Бозашы түбегінен орын тепкен Қаражанбас кен орнында алғашқы мұнай фонтаны атқылады.
1974 жылы Бозашы жеріне зерттеу жүргізген Әділ Нұрмановтың жетекшілігіндегі геологтар тобы барлау жұмыстарын бастауға ниетті еді. Сол жылы қыс өте жылы болып, Бозашы жағалауына мұз қатпаған екен. Бас геолог пен топограф болашақ ұңғымалардың орналасатын жерін белгіледі. Жобаға сәйкес, бұл учаскеде он екі таяз барлау ұңғымалары бұрғылануы тиіс болған. Алғашқы ұңғымаға К-12 деген атау берілді. Бұрғылау жұмыстарының бригадирі Әділ Нұрмановтың атынан Санақ Таянов МАЗ жүк көлігіне орнатылған БА-15н қондырғысымен ұңғыма бұрғылауды бастады. 26 қаңтар күні түн ортасында, 302 метр тереңдікке жеткенде, кенеттен қуатты мұнай фонтаны атқылады.
С.Таяновтың бригадасы атмосфералық қысымы 150 болатын мұнай фонтанын бағындырғанымен, оны техникалық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкестендіру үшін бір ай уақыт қажет болды. Ашық мұнай фонтанының өнімділігі тәулігіне 150 текше метрді құрады.
Міне, сол шақтан бастап қойнауы қазынаға толы Бозашының кең даласында өндіріс қарқын ала бастады. 50 жыл ішінде Қаражанбас кен орны жан-жақты дамып, ҚБМ еліміздің маңдайалды мұнай компанияларының біріне айналды. Мұндағы мыңдаған мұнайшы ел ырысын еселеп, экономикамыздың дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Жарияланған күні:
26 января 2024
Бөлісу: