ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ТҰМАР ЕТКЕН ЕҢБЕК АДАМЫ

3 Ноябрь 2025

Қаражанбастың жарты ғасырдан астам тарихы үздіксіз өндірісте өз қолтаңбасын қалдырған еңбек адамдарының адал да нәтижелі қызметімен өріліп келеді. Сондықтан өлкенің қара алтынын игеруді өмірлік миссия етіп таңдаған мұнайшылар әрқашан құрметке лайық. Солардың бірі  — «Қаражанбасмұнай» АҚ өндірісті автоматтандыру цехының бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика слесарі Рүстем Мұратов.

Оның өнегелі еңбек жолы осыдан 31 жыл бұрын басталған. Қызметке кіріскен шақтан өз ісіне жауапкершілікпен қарап, техникалық тәртіп пен жұмыс мәдениетін жоғары деңгейде ұстанды. Тәжірибесін толықтырып, мамандығының жілігін шағып, майын ішкен Рүстем үзеңгілестеріне үлгі болып, өзінен кейінгі жас буынға білгені мен түйгенін үйретіп-көрсетуден жалыққан емес. Әріптестері оны жұмысына адалдығы мен сабырлы мінезі, еңбекқорлығы және ұжымшыл қасиеті үшін ерекше қадірлейді.

Тынымсыз еңбекте тұрақтылық танытып, өмірінің қайнаған шағын вахтада өткерген маман қызмет белесін абыроймен аяқтады. Цех басшылығы мен ұжымы еңбек адамына алғыс айтып, құрмет көрсетті. Рүстем Мұратов та әріптестерге жылы лебізін білдіріп, ақ бата берді. Сондай-ақ ол білімді де бәсекеге қабілетті жұмысшылар барда компанияның болашағы зор екеніне сенетінін жеткізді.

Жарияланған күні:
3 ноября 2025

Бөлісу: