
«Қаражанбасмұнай» АҚ «Жұмысшы мамандықтар жылы – жаңа мүмкіндіктерге жол ашу» жобасы аясында өткен «Жас мамандармен жұмыс істейтін үздік мекеме» және «Жұмысшы мамандардың қатысуымен ауқымды инновациялық шешімдер» байқауында үздіктер қатарынан көрінді. Маңғыстау облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен «Риза-Ана» қоғамдық қоры ұйымдастырған сайыстарда өңірдегі өндірістік мекемелердің жұмысшылары бақ сынады.
«Жас мамандармен жұмыс істейтін үздік мекеме» сайысына қатысушылар компаниядағы жас мамандарды қолдау мен дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс көрсетілетін бейнеролик пен портфолио дайындады. Онда 18 бен 35 жас аралығындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру мен тұлғалық дамуына арналған жобалар, «Жас маман кеңесі» ұйымдастырған және қатысқан шаралар, бейімдеу және тәлімгерлік жұмыс құжаттары, белсенді жұмысшылар туралы ақпарат ұсынылды.
Ал «Жұмысшы мамандардың қатысуымен ауқымды инновациялық шешімдер» байқауында үміткерлер 15-ке жуық бағыт бойынша жоба ұсынды. ҚБМ намысын қорғаған №3 мұнай өндіру цехының операторы Абай Сүгіров «Мұнай өндіру цехының тәуліктік есепті қалыптастыру үдерісінің тиімділігін арттыру» тақырыбын сәтті қорғады. Сондай-ақ ол сынақ режимінде жүзеге асырылып жатқан бастаманың оң нәтижесімен бөлісті.
Қазылар алқасының шешімімен «Үздік мекеме» байқауында ҚБМ ІІ орынға лайық деп танылды. Ал «Инновациялық шешімдер» сайысында Абай Сүгіров І орынды қанжығалады. Салтанатты марапаттау рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом мен сыйлық сертификаты табыс етілді. Оған қоса жастар саясатын дамытуға үлес қосып жүрген жұмысшылар облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Жарияланған күні:
24 октября 2025
Бөлісу: