«АРТСЫН ДАҢҚЫҢ, АЖАРЫҢ, РЕСПУБЛИКАМ – ҒАЖАБЫМ!»

25 Октябрь 2025

Биыл Қазақстан Республикасының егемендігіне 35 жыл. Осыған орай Қаражанбас кен орнында «Артсын даңқың, ажарың, Республикам – ғажабым!» атты концерт өтті. Шарада еліміздегі «ұлттық» мәртебесі бар жалғыз мерекенің тарихи маңызы насихатталып, елдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген мұнайшылар құрметке бөленді.Еңбек ұжымын Түпқараған ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев, «Қаражанбасмұнай» Басқармасы, Өндірістік Басқарма басшылығы және кәсіподақ төрағалары құттықтап, өңір өндірісін дамыту жолындағы адал еңбегі үшін алғыс білдірді.
 
Бас директор Нұрпейіс Сәрсенбай Республика күні – барлығымызды Отанның дамуы мен өркендеуі жолында еңбек етуге жігерлендіретін ұлық мереке екенін атап өтті. Сондай-ақ, егемендік пен тәуелсіздік арқасында Қазақстан еңселі елдермен иық теңестіре алатын дәрежеде екенін айтып, Республика күнін мерекелеудің болашақ ұрпақ үшін маңызы зор екенін жеткізді.
 
Салтанатты шара мереке маңызын айқындайтын бейнеролик көрсетумен басталып, мемлекеттік гимн орындалды. Одан соң «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауының жүлдегерлері мен жеңімпаздары марапатталып, саланың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан қаражанбастықтардың еңбегі еленді. Өндіріс үздіксіздігін қамтамасыз етіп, қара алтын игеруге атсалысып жүрген жұмысшыларға ҚР Энергетика  Министірлігінің Құрмет грамотасы, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ Құрмет грамотасы, естелік белгісі, ҚБМ Басқармасының Құрмет грамотасы және Кәсіподақтың алғыс хаты табыс етілді.

Марапаттау рәсімі ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Жоламан Көшкінов және Маңғыстау ауданы өнерпаздарының концертімен жалғасты. Кеш соңында патриоттық әсерге бөленген көрермендер «Атамекен» әнін бірге шырқады.

Жарияланған күні:
25 октября 2025

Бөлісу: