
«Қаражанбасмұнай» АҚ №3 мұнай өндіру цехының операторы Нартай Алтыбаевтың отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде үздіктер қатарынан көрінді. Бабадан балаға ұлттық құндылық пен ақыл-өнегені мирас етіп, салауатты өмір салтын насихаттап келе жатқан үлгілі шаңырақ жүлделі үшінші орын иеленді.
Сайысқа өңір бойынша алпыстан астам отбасы қатысуға өтінім беріп, солардың 17-сі финалда бақ сынады. Олар отбасы құндылықтарын нығайту, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру бойынша бейнеролик дайындап, шаңырақ шаттығын насихаттауға үлес қосты. Өзара сыйластық пен бірлікті паш етіп, қарапайымдық пен еңбекке құштарлықты ту еткен отбасы қазылардың оң бағасынан үлесті болды.
Нартай Алтыбаев мұнай саласындағы негізгі қызметінен бөлек, Маңғыстау облысы бойынша кір тасын көтеру спортының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Үш дүркін Әлем, төрт дүркін Азия және жеті дүркін Қазақстан чемпионы жұбайымен бірге үш ұл, төрт қыз тәрбиелеп отыр. Мұнайшы вахтадан тыс уақытта өлкенің жастарымен қоса өз балаларын да аталмыш спортқа баулып келеді. Ұлы Дархан мен қыздары Інжу мен Маржан Азия және Әлем чемпионатынан алтын жүлде қанжығалады. Әріптесіміз биыл Қытайда өтетін Әлем чемпионатына аттанып, төртінші рет Қазақстан намысын қорғайды.
Жарияланған күні:
9 октября 2025
Бөлісу: