ШАҚПАҚ АТА ЖЕРАСТЫ МЕШІТІНДЕГІ СЕНБІЛІК

17 Сентябрь 2025

«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экология акциясы аясында Шақпақ ата жерасты мешіті аумағына сенбілікке шықты. Тарихи және мәдени маңызы бар нысандардың айналасын қоқыстан тазарту, өңірдің экология жағдайын жақсарту және тұрғындар арасында қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруды мақсат еткен шараға орталық кеңсенің 40-қа жуық маманы қатысты.

Белгіленген учаскеге қажетті құрал-жабдықтарын ала барған қаражанбастықтар қатты және пластик қалдықтарды, полителен пакеттерді, түрлі қоқысты қапшықтарға жинады. Қалдықтар арнайы техникаға тиеліп, қоқыс полтгонына жөнелтілді. Тазалық акцияларына тұрақты қатысып келе жатқан ұжым тарихи-мәдени орынға сенбілік жасауды туған жерге құрмет және азаматтық борыш деп біледі.

Шақпақ ата қорымы Түпқараған ауданынындағы Таушық елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енген орынға жергілікті халықтан бөлек, еліміздің түкпір-түкпірі мен шетелдерден жыл сайын көп адам келеді. Олар зиярат етумен қатар, жерасты мешіт пен кешеннің ерекше құрылысы, ондағы түрлі жазбалар мен әктасты аймақтың әсемдігін көруге асық.

Жарияланған күні:
17 сентября 2025

Бөлісу: