МОТОРИСТ ЖАҢАБАЙ КАНТАРИЛАЕВ: «ҚАРАЖАНБАС – БІЗ ҮШІН ҚЫМБАТ, ҚАЗЫНАЛЫ МЕКЕН»

16 Сентябрь 2025

«Қаражанбасмұнай» АҚ технологиялық көлік департаментінің №2 гараж ұжымы цементтеу агрегаты моторисі Жаңабай Кантарилаевты зейнет демалысына шығарып салды. Өлке өндірісіне 38 жыл еңбегі сіңген жұмысшыға әріптестері құрмет көрсетіп, қызмет барысындағы кәсібилігі мен ақыл-парасаты үшін алғыс айтты.

Жаңабай Кантарилаев Қаражанбас кен орнындағы еңбек жолын 1987 жылы компрессор қондырғысының машинисі болып бастады. Кейін мұнай өндіру цехына оператор қызметіне ауысты. 14 жыл үздіксіз еңбек еткен соң, жаңа ғасырдың басында жұмыс бағытын көлік саласына бұрды. Соңғы 20 жыл ішінде цементтеу агрегатының қыр-сырын жетік меңгерген моторист қызмет белесін абыроймен аяқтап, құрметті демалысқа шығатын шаққа жетті.

«Қаражанбас – біз үшін қымбат, қазыналы мекен. Жастығымыздың жалынды жылдарын тынымсыз еңбекке арнап, енді соның жемісін көретін шаққа аман-есен жетіп отырғанымыздың өзі бір бақыт. Әріптестерімнің ілтипатын көріп, ерекше қуанып қалдым. Әр маманға осындай қуанышты күн бұйырсын! Баршаңызға рақмет!»,- деді Ж.Кантарилаев.

Үзеңгілестерінің қатарын толықтырып, ғұмырдың маңызды шағына қадам басқан Жаңабай Қаражанбастың ертеңі үшін аса алаңдамайтынын айтады. Себебі білімді, ізденіске құмар жастар аға буынның жолын жалғап, өндірісті өркендетуге күш-жігерін салып келеді. Компания да еңбекқор, төзімді, ең бастысы ел игілігі жолында тынбай  тер төгетін өз мамандығының майталмандарын үлгі тұтады.

Жарияланған күні:
16 сентября 2025

Бөлісу: