«ҮЗДІК МАМАН» БАЙҚАУЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

11 Сентябрь 2025

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да білікті және бәсекеге қабілетті жұмысшыларды анықтайтын «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауының тәжірибе кезеңі басталды. Тесттен сүрінбей өткен І вахтаның 100-ден астам қызметкері тәжірибе тапсырмаларын орындауға кірісті. Сайыс кен орнының бірнеше объектісінде бір мезетте өтті. Қатысушылар екі күн бойы 21 мамандық бойынша сайысқа түсті.
 
Өлке өндірісін өркендету үшін жыл сайын шеберлігін шыңдап келе жатқан операторлар, машинистер, слесарьлер, жөндеушілер, электормонтерлер, лаборанттар, дәнекерлеушілер, аппаратшылар, мотористер, жүргізушілер, құрастырушылар байқауға мықты дайындықпен келген. Олар белгілі уақыт ішінде берілген тапсырманы тиянақты орындап, жұмыс барысын толық түсіндіруге тырысты.  Комиссия мүшелері қатысушылардың орындау шеберлігін жіті бақылап, баға берді. Сондай-ақ қазылар қызметкерлердің кәсіби деңгейі жыл сайын жоғарылап келе жатқанын атап өтті.
 
«Үздік маман» – расында өз ісін жетік білетін қызметкерлер сайысатын жарыс. Қатысушылар өте мықты дайындалған. Осындай әріптестермен бірге бақ сынап, тәжірибемізді одан әрі шыңдауға мүмкіндік алғанымызға қуаныштымыз. Мықты маман – компания қуаты. Сайыста қарсылас болсақ та, мақсатымыз ортақ. Қаражанбас мұнайын игеру үшін біліктілігімізді әрі қарай арттыра береміз»,-деді қатысушылар.
 
Тәжірибе кезеңі ІІ вахта қызметкерлері арасында да өтеді. Сайыстың ортақ қорытындысы қос ауысым бойынша байқау толық аяқталған соң шығады. Жүзден жүйрік шыққандар аймақтық кезеңге жолдама алып, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобының үздіктерімен тартысқа түседі.

Жарияланған күні:
11 сентября 2025

Бөлісу: