
Қаражанбас кен орнында мұнай-газ кешені қызметкерлері күні сән-салтанатпен тойланды. Вахталық кентке киіз үйлер тігіліп, ашық аспан астында мерекелік концерт өтті. Ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген қаражанбастықтардың қажырлы еңбегін дәріптеп, абыройын асқақтататын шараға Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Саламат Илжанов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Ақтау қаласындағы өкілдігінің атқарушы директоры Дәурен Мұратбай, «Қаражанбасмұнай» АҚ басшылығы және кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған басшылар мен қонақтар жұмысшыларды кәсіби мерекемен құттықтап, олардың өлке өндірісін өркендетудегі үлесі үшін алғыс айтты. Сондай-ақ Қаражанбас – қойнауы қазынаға толы өндіріс орны ғана емес, Бозашы мұнайын игеру үшін кәсіби шеберлігін аямай қызмет етіп келе жатқан еңбек адамдары тоғысқан жауапты ұжым екенін ерекше атап өтті.
Салтанатты марапаттау рәсімінде бірнеше қызметкерге ҚР Энергетика министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен алғыс хаттары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның «Үздік мұнайшы» төсбелгісі, естелік белгілері, Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары, сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімінің алғысы және ҚБМ Басқармасының Құрмет грамотасы мен алғыс хаттары табыс етілді. Мұнайшылардың маңдай терімен келген еңбегіне берілген лайықты баға олардың алдағы қызметіне шалқар шабыт сыйлады.
Мерекелік кеш әуезді әндер шырқалған концертке ұласты. Мұнайшыларға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, композитор-әнші Медет Салықов пен Клара Төленбаева, жас әнші Айгерім Тілеубек және Еркебұлан Құмаров таңдаулы туындыларын арнады. Сонымен қатар өлкемізден түлеп ұшқан заманауи танымал әндердің орындаушысы Ғасыр мен Қанат, Алғыт Дәуренұлы өнер көрсетіп, ұжымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мұнайшылар күні – ел байлығының қайнары саналатын еңбек иелерінің мерекесі. Құрметке бөленген Қаражанбас қызметкерлері алдағы уақытта да үздіксіз жұмыс істеп, ел ырысын еселеуге елеулі үлес қоса бермек.
Жарияланған күні:
7 сентября 2025
Бөлісу: