ҚМГ СПАРТАКИАДАСЫНА ІРІКТЕУ БАСТАЛДЫ

31 Январь 2024

Қаражанбаста «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ-ның жыл сайын өтетін спартакиадасына іріктеу басталды. ІІ вахта жұмысшылары үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, қол күрес, арқан тарту, асық ату сайыстарынан сынға түсіп, өзара мықтыларды анықтады.

Білек күші мен логикалық қабілетіне сенген мұнайшылар тартысты ойын өрнегін көрсете алды. Үстел тениисінен әлеуметтік жұмыс тобының спорт нұсқаушысы Талап Барболов пен өндірісті жабдықтау базасының (ӨЖБ) слесарі Бекзад Шадкам үздік атанса, шахматтан өндірісті автоматтандыру цехының (ӨАЦ) слесарі Елдос Есетов пен технологиялық көлік департаментінің (ТКД) шебері Исладин Байсегізов алға шықты. Тоғызқұмалақ ойынында зияткерлік қабілетін сарапқа салғандар арасында қабат қысымын ұстау цехының (ҚҚҰЦ) операторы Берік Нұрғалин топ жарды. Қол күрес бойынша 80 келіге дейінгі қатысушылар арасынан пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының (ПЖИЖЦ) дәнекерлеушісі Дәурен Қуандықов, арқан тартудан ТКД жігіттері жеңісті қолдан бермеді. Ал асық атудан бу өндіру цехының (БӨЦ) машинисі Ерлан Қадір мен ПЖИЖЦ слесарі Бекбол Сейілханов шашасына шаң жұқтырмады.

Аталмыш сайыстар І вахта мұнайшылары арасында да өтеді. Оған қоса футбол, волейбол, баскетбол, киберспорт пен жүзу бойынша да қос вахта мықтылары тартысқа түседі. Үздік атанғандар келесі кезеңге жолдама алып, ҚБМ намысын қорғауға тырысады.

Жарияланған күні:
31 января 2024

Бөлісу: