
Қаражанбас мұнайшылары – өндірістің алдыңғы шебінде қажырлы еңбек етіп, жер қабатына жасырынған қара алтынды игеруге атсалысып жүрген абыройлы мамандар. Олардың әрқайсысы жүрекпен таңдаған мамандығын жетік меңгеріп, жұмыста жаңа технологияларды шебер қолданып келеді. Ел Президенті жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай кен орнындағы маңызды цехта жұмыс істейтін еңбек адамымен таныстыруды жалғастырамыз.
Сабыр Киікбай «Қаражанбасмұнай» АҚ-дағы қызметке осыдан 14 жыл бұрын қабылданған. Бу өндіру цехында алдымен химиялық су тазарту аппаратшысы болып жұмыс істеген ол, бүгінде бу генераторлық қондырғысының 5-дәрежелі машинисі.
Кейіпкеріміз еңбек ететін цех өндірістің жүрегі саналады. Себебі Қаражанбас мұнайы қоюлығымен, шайырлылығымен ерекшеленетін еліміздегі бірегей кен орын. Мұнда термиялық әсер ету әдісі арқылы жер астына бу және су айдалады. Сабыр мұнаймен бірге шыққан соң бірнеше кезең бойы тазартылған судан бу өндіріп, оны жер қабатына айдау процесінде өзіндік орны бар маман. Ол күн сайын газбен, жоғары температура және қысыммен жұмыс істейді. Күні-түні тоқтаусыз жүретін физикалық, химиялық процесті жіті бақылау үшін жүктелген жауапкершілік жүгі айтпаса да түсінікті.
«Болат қайнауда, батыр майданда шынығады» демекші, білікті мамандардан білмегенін үйреніп, аға буынның ақылын тыңдап жетілген машинист бүгінде өзінен кейінгі жастарға оң бағдар беретін тағылымды тәлімгерге айналып үлгерген. Туған жердің жер асты байлығын игеруге бар күш-жігері мен жиған терген білімін жұмсап жүрген азамат жарты ғасырдан астам тарихы бар компанияның бір мүшесі екенін мақтан тұтады.
Жарияланған күні:
31 августа 2025
Бөлісу: