
«Қаражанбасмұнай» АҚ материалдық-техникалық жабдықтау базасының тауартанушысы Айгерім Бопилова «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жас көшбасшыларды дамытуға арналған «7 Qadam PRO» бағдарламасын сәтті аяқтады. Қорға қарасты компаниялардан жиылған қызметкерлер бағдарламаның соңғы модулінде «Өндірістегі қауіпсіздік мәдениеті» және «Болашақтың ойлау жүйесі: жасанды интеллект пен деректер» тақырыбы бойынша білімін нығайтты.
Оқуды сәтті тәмамдаған жастар 4 ай бойы жинаған білімін қорытып, авторлық жоба дайындады. Айгерім экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында «ҚБМ қызметкерлерін қалдықтарды сұрыптау және кәдеге жарату процесіне белсенді тарту» мәселесін көтерді. Корпоративтік жүйе құруды ұсынған жұмысшы тақырыпты жан-жақты зерттеп, тәуекелдер, ресурстар мен перспективаларға талдау жасады. Жоба сарапшылардың оң бағасына ие болып, алдағы уақытта компанияға енгізу ұсынылды.
«Бағдарламаның әр модулінде спикерлер бізге мол білім беріп, заманауи тенденцияларды меңгертті. Осындай ауқымды жобаның бір бөлшегі болып, білімімді нығайтумен қатар, ізденуге, зерттеуге талпынып, жұмысты жүйеге қоюды үйренгенім үшін шын қуаныштымын. Жобамды жүзеге асыру үшін әлі де жұмыстанамын»,- деді Айгерім Бопилова.
«7 Qadam» — екі жылдан бері Ұлттық қорға қарасты компанияларда еңбек ететін жас мамандардың идеяларын жүзеге асыруға сеп болып келе жатқан тың бағдарлама. Биыл жобаның алғашқы кезеңіне еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам жұмысшы қатысқан еді. Солардың арасынан оза шапқан мақсаты айқын, талпынысы жоғары жастар жеке көшбасшылық қабілетін дамытумен қатар, өз компаниясының жұмыс тиімділігін арттыруға үлес қосуға мүмкіндік алды.
Жарияланған күні:
21 августа 2025
Бөлісу: