
Қаражанбас кен орнында ұңғымаларға тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақ жүргізу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама кен орнының өндірістік әлеуетін арттыруға, озық технологияларды енгізу арқылы мұнай өндіру тиімділігін жоғарылатуға және еңбек өнімділігін күшейтуге бағытталған.
Компанияның жаңа техника және технология бөлімі жыл басынан бері №1 мұнай өндіру цехына қарасты қос ұңғымаға тікелей жетек орнатты. Аталмыш құрылғы көмегімен ұңғыма үздіксіз әрі тұрақты жұмыс істейді. Сондай-ақ бұл арқылы электр энергиясы шығынын азайту көзделген. Жабдық ұңғыма жұмысы тоқтап қалған жағдайда қашықтан ескерту сигналын беріп, апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жаңа техниканың тағы бір артықшылығы – ол ұңғыманың жұмыс параметрлерін нақты қадағалап, деректерді орталық инженерлік-технологиялық қызметке лезде жеткізеді. Қолданыстағы жетектен тағы бір артықшылығы — ұңғыларды жөндеу кезінде өте ыңғайлы және уақытты үнемдейді. Жабдық құрылымында шкиф пен белбеу жоқ. Айналмалы бөлшектер болмағандықтан, жетекті ауыстыру және қолдану қауіпсіз.
Тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақ өндіріске оң нәтиже берсе, тікелей жетек қондырғыларын басқа да ұңғымаларға кезең-кезеңімен орнату жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде Қаражанбас кен орнындағы өндірісті автоматтандыру деңгейін көтеріп, қауіпсіздік техникасын нығайтып, компанияның тұрақты дамуына ықпал етпек.
Жарияланған күні:
18 августа 2025
Бөлісу: