
«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның табысты дамуы мен өндірістік тұрақтылығы жолында мыңдаған маманның маңдай тері мен адал еңбегі жатыр. Олардың қатарында бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаментінің бас механигі Қоныс Әбішев те бар. Ол өлке мұнайын игерудің ыстық-суығына шыдап, өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен нағыз еңбек адамы.
Қоныс Әбішев Қаражанбастағы өнегелі еңбек жолын осыдан 23 жыл бұрын 5-дәрежелі жөндеуші болып бастаған. Жас маман күнделікті жұмыста техникалық қызмет көрсету мен жөндеу ісінің қыр-сырын меңгеріп, әрбір құрал-жабдықтың тілін түсінуге ұмтылды. Қызметтің қиындығынан қашпай, әр тапсырманы іскерлікпен, ұқыппен орындаған Қоныс көп ұзамай аға механик лауазымына тағайындалды. Бұл белесте ол ұңғымаларды жөндеу кезінде туындайтын күрделі техникалық мәселелерді шешіп, жұмыс тиімділігін арттыру үшін елеулі еңбек етті. Өндірістік процестерді оңтайландырып, техникалық қауіпсіздік пен тәртіпті қатаң ұстануға күш салды.
2009 жылдан бастап Қоныс Әбішев бас механик ретінде жабдықтардың техникалық жағдайына тікелей жауапкершілік алды. Еңбек адамы қажетті техникалардың уақытылы жөнделіп, апаттық жағдайлардың алдын алу бойынша жұмыс жүйелілігін жіті қадағалады.
Қарапайым жұмысшыдан білікті басшыға дейінгі жол – қажырлы еңбек пен табандылықтың жемісі. Осылайша Қоныс Әбішев кен орнындағы 23 жылдық қызмет белесін абыроймен бағындырды. Майталман механикке әріптестері құрмет көрсетіп, кен орнын дамытудағы адал қызметі үшін алғыс айтты. Тәжірибе мен біліктікті шебер ұштастыра білген маман бәсекеге қабілетті жас буын Қаражанбастың қанатын әлі де кең қақтыратынына сенімді.
Жарияланған күні:
17 июля 2025
Бөлісу: