
Интернет алаяқтық — қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай, Түпқараған аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Қаражанбас кен орнына арнайы барып, вахтадағы жұмысшылармен кездесу өтікізді. Бөлім бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Бекзат Туребаев мұнайшыларға интернет алаяқтардың әрекеттерінен сақтану жолдарын айтты.
Тәртіп сақшылары соңғы уақытта өңірде тіркелген алаяқтық жағдайлар туралы нақты мысалдар келтіріп, олардың қалай жүзеге асырылатынын, мұндай жағдайларда не істеу қажеттігін жан-жақты түсіндірді. Әсіресе, фишингтік сілтемелер, жалған банк қызметкерлерінен келген қоңыраулар, инвестиция, онлайн несие, әлеуметтік жәрдемақы немесе сыйлықтар сылтауымен алдану жағдайларына баса назар аударылды.
Полицейлер жеке деректердің құпиялылығы – цифрлық қауіпсіздіктің негізгі кепілі екенін ескертіп, ЖСН, банк картасының нөмірі мен CVV-коды, SMS-кодтар секілді деректерді бөгде адамдарға бермеу керектігін атап өтті. Сонымен қатар, мұнайшыларды интернет пен әлеуметтік желілердегі күмәнді сілтемелер мен бейтаныс қолданушылардың хабарламаларына мұқият болуға шақырды.
Бұл қызметкерлердің құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ киберқылмыстың алдын алуға бағытталған маңызды қадам. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған түсіндіру шарасы алдағы уақытта да жалғасады.
Жарияланған күні:
23 июня 2025
Бөлісу: