ҚАРАЖАНБАСТА «ҮЗДІК МАМАН-2025» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

10 Июнь 2025

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да (ҚБМ) «Үздік маман-2025» кәсіби шеберлік байқауының теориялық кезеңі басталды. Биыл сайысқа қос вахтадан 400-ге жуық жұмысшы қатысып, білімін сынға салмақ. Ашылу салтанатында Өндірістік Басқарма (ӨБ) басшылығы сайыстың мұнайшылар үшін маңызын атап өтіп, ІІ вахта қатысушыларына сәттілік тіледі.

«Жарысқа әр цехтың мықтылары келіп отыр. Сайыста көрсететін табандылығыңыз бен кәсіби шеберлігіңіз – компания жұмысшыларының білім деңгейін, бәсекеге қабілеттілігін айқындайды. Әрқайсыңызға сәттілік тілей отырып, алдағы сыннан абыроймен өтіп, өзіңізді және ұжымыңызды мақтанышпен танытуларыңызға тілектеспін.»,- деді ӨБ директоры Руслан Ақмұханов.

«Үздік» атануға ниетті мұнайшылар 24 аталым бойынша алдымен теориялық тест тапсырып, тәжірибе кезеңінде шеберлігін көрсетеді. ІІ вахта қызметкерлері өз мамандығына және техника қауіпсіздігі бойынша тест тапсырмаларына кірісті. Ереже бойынша бір қатысушыға 20 минут беріледі. Осы уақыт ішінде жұмысшы 20 сұраққа мүдірмей жауап беруі тиіс.

«Байқауға қатысу мен үшін үлкен мәртебе әрі кәсіби дамуға жол ашатын маңызды қадам. Бұл сайыс – тек бәсекелестік емес, өз білімің мен тәжірибеңді сынау деп ойлаймын. Осындай іс-шаралар өндіріс саласында еңбек етіп жүрген мамандардың шеберлігін шыңдап, алға қарай қадам басуға жігер береді. Барлық қатысушы жеңіске әбден лайық деп есептеймін.»-, деді сайысқа қатысушы.

«Үздік маман» сайысының теория кезеңі І вахта жұмысшылары арасында да өтеді. Көп ұпай жинағандар тәжірибе кезеңінде шеберлігін паш етеді.

Жарияланған күні:
10 июня 2025

Бөлісу: