АВТОПАРКТІ ЖАҢАРТУ – ӨНДІРІС ҚУАТЫНЫҢ КЕПІЛІ

22 Май 2025

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да өндірістік тиімділікті арттыруға бағытталған автопаркті жаңарту бағдарламасы қарқынды жалғасып келеді. Жыл басынан бері технологиялық көлік департаментінің қос гараж қызметкерлеріне 36 арнайы техниканың кілті табысталды. Олардың қатарында цементтеуші агрегат, ұңғымаларды жууға арналған жылжымалы бу қондырғысы орнатылған көлік, дөңгелекті траншея қазғыш трактор, кран-манипулятор, тиегіш, мобильді дәнекерлеу агрегаты мен жұмысшыларды тасымалдау автомобильдері бар.

Соңғы үш жыл ішінде көлік қызметкерлеріне  кезең-кезеңімен жалпы саны 283 техника табыс етілді. Қазір тағы 25 көліктің құжаты рәсімделіп жатыр. Барлық стандартқа сай жаңа техникалар жұмыс қарқынын арттырып, өндіріс үздіксіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосып келеді. Сондай-ақ бұл бастама жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту мен апаттық жағдайдың алдын алуға оң әсерін тигізеді.

Жыл соңына дейін Қаражанбасқа тағы 60 техника сатып алынбақ. Осылайша үш жыл ішінде 368 көлік пайдалануға беріліп, жоспарды толық орындау көзделіп отыр. Бағдарлама аяқталғаннан соң да қажеттілікке байланысты көліктерді жаңарту жұмысы жалғаса бермек.

Жарияланған күні:
22 мая 2025

Бөлісу: