
Қаражанбас кен орны — мұнайының тұтқырлығы жоғары әрі шайырлы, құрамында күкіртті қосылыстардың көп болуымен ерекшеленеді. Мұндағы өнімді қабаттардың тереңдігі 230–460 м аралығында.
Мұнайдың физикалық-химиялық қасиеттері мен ерекшеліктерін ескере отырып, Қаражанбас кен орнында игеру жұмыстары басталған сәттен-ақ қабат қысымын қалпына келтіріп, мұнай алу коэффициентін арттыру үшін термиялық әдіс – бу айдау технологиясы қолданылады.
Термиялық әдіспен әсер ету — ұңғыма маңындағы қабат аймағын қыздыру арқылы өнімділікті арттырады. Өңдеу барысында қабаттың фильтрациялық қасиеттері жақсарады, мұнайдың тұтқырлығы төмендейді, қозғалыс қабілеті артып, мұнай беру көбейеді.
Өнім көлемін арттыру үшін Қаражанбаста стационарлық бу генераторлық қондырғылар жұмыс істейді. Соңғы 13 жыл көлемінде жылыту әдісі арқылы кен орнының шығыс бөлігінде өндіріс деңгейі 31,31%-дан 62,78%-ға, солтүстік бөлікте 25,42%-дан 50,65% — ға, орталық бөлікте 56,64%-дан 75,35%-ға жеткен. Соңғы 10 жыл ішінде жалпы мұнай өндіру көлемінің шамамен 60%-ы бу айдау жүргізілетін аймақтардан алынған. Бұл мәліметтер бу айдау — қорларды өндіру мен мұнай алу коэффициентін арттырудың тиімді әдісі екенін дәлелдейді.
Сонымен қатар 2016 жылдан бері буды сумен кезектестіріп айдау әдісі өндірістік-тәжірибелік сынақтан өткізіліп келеді. Нәтижесінде өндірілген мұнай көлемі 69 мың тонна артты.
Биылдан бастап бу айдау ұңғыларының қабылдау профилін теңестіру үшін өндірістік сынақтан өткізу жоспарланып отыр.
Жарияланған күні:
5 мая 2025
Бөлісу: