ҚБМ ҚҰРАМАСЫ ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

22 Апрель 2025

Қоржында – қола! «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары «KAZENERGY» қауымдастығының 20 жылдығына орай Астанада өткен үстел теннисі турнирінде үздік үштіктен көрінді. Қауымдастыққа мүше мұнай-газ, энергетика салаларындағы компаниялар қызметкерлері арасындағы додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 18 команда қатысты.

ҚБМ намысын Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу цехының слесарі Бекзат Шадкам, әлеуметтік топтың спорт нұсқаушысы Талап Барболов және күрделі құрылыс департаментінің аға инженер-жобалаушысы Жанар Қаржаубаева қорғады.  

Іріктеу кезеңінде командалар үшке бөлініп, топтық раундта әрқайсысы 4 ойын өткізді. Жарыс алаңына үздік әдістерді меңгеріп, мықты дайындықпен барған қаражанбастықтар шапшаңдық, дәлдік, ептілік арқасында финалға шыққан 6 команданың қатарынан көрінді. Шешуші ойын жақындаған сайын үздіктер іріктеліп, жауапкершілік еселене түсті. Нәтижесінде лайықты өнерімен көзге түскен біздің құрамаға үшінші орын бұйырды.

Үстел теннисі турнирі – өндірісте еңбек етсе де, салауатты өмір салтын ұстанатын жұмысшылардың спорттағы шеберлігін паш еткен тартысты сайыс болды. Мұндай шаралар қатысушылардың командалық рухын нығайтып, әріптестік қарым-қатынасты дамыта түсері сөзсіз.

Жарияланған күні:
22 апреля 2025

Бөлісу: