
«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның ІІ вахта жұмысшылары қазақтың көнерген сөздерінің мағынасын ашудан сайысқа түсті. Ұлыстың ұлы күніне орай өткен «Алтын қақпа» лингвистикалық ойынына білімі мен ойы жүйрік 6 жұмысшы қатысты. Олар тас, күміс және алтын қақпа деп аталған 3 кезең бойы қолданыстан шыққан сөздерді тауып, мағынасына үңілді.
Тас қақпаның алдына келген қатысушыларға 6 сөз жасырылды. Мұнайшылар олардың түбірі мен құрылымына қарай жіктеп, әрқайсысынан мән-мағына іздеуге тырысты. Сайыскерлердің ой ұшқырлығы мен шапшаңдығын қазылар алқасы мұқият қадағалады. Ереже бойынша әр кезеңде сүрінген 2 қатысушы ойыннан шығып отырды.
«Күміс қақпа» кезеңінде көне сөздер күрделене түсті. Сайысқа сақадай сай келген мұнайшылар бұл белесте де тосылып қалмады. Алдына қара салмаған қос қатысушы «Алтын қақпа» алдында шын мықтыны анықтады. Ізденіс, алғырлық пен терең әрі тез ойлау қабілетімен дараланған өндірісті автоматтандыру цехының бақылау-өлшеу құралдары мен автоматика слесарі Жақсылық Беленов жеңімпаз атанды.
Жарияланған күні:
26 марта 2025
Бөлісу: