
Жыл басы Амал және Наурыз мейрамдарына орай «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жұмысшыларына құрмет көрсетілді. Басқарма орталық кеңсе мен Ақтау қаласындағы материалдық-техникалық жабдықтау базасының оннан астам жұмысшысын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, Құрмет грамотасы және алғыс хатпен марапаттады. Бас директор Нұрпейіс Сәрсенбай компанияның жан-жақты дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан мамандарға алғыс білдіріп, олардың қызметке адалдығы мен кәсібилігін ерекше атап өтті.
«Өңір мұнайын игеретін ірі компания жұмысына әр маманның қосатын үлесі зор. Сіздердей білікті жұмысшылар арқасында кездескен кедергілерді қиындықсыз еңсеріп, әлі де биік белестерді бағындыратынымызға сенімдіміз. Амал және Наурыз мейрамдарымен шын жүректен құттықтап, қызметіңізге табыс, отбасыңызға амандық тілейміз!»,- деді ҚБМ Басқармасы.
Жұмысшылардың қажырлы еңбегі мен жауапкершілігі компанияның тұрақты дамуының негізі. Марапат иелері қос мейрам қарсаңында көрсетілген құрмет қызметке жаңа серпін сыйлағанын жеткізді. Басшылық ұжымды нәтижелі еңбек етіп, жұмыс өнімділігін әлі де арттыра түсуге шақырды.
Жарияланған күні:
19 марта 2025
Бөлісу: