«АМАЛ – ЫНТЫМАҚТЫҢ АЙНАСЫ»

14 Март 2025

«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері жыл басы, жаңару мен жақсылықтың, бірлік пен бауырмалдықтың жарқын белгісі саналатын – Амал мейрамын зор қуанышпен, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Орталық кеңсе мамандары таң атысымен ұлттық киім киіп, бір-бірімен көрісуге асықты.  Бас директор Нұрпейіс Сәрсенбай ұжымды көктеммен ілесе жеткен мейраммен құттықтап, жаңа жылда жақсылық, мол ырыс-несібе тіледі.

Мерекелік шара облыстық театр әртістерінің қойылымымен басталды. Өнерпаздар Амалдың тарихы, маңызы мен құндылықтарына кеңінен тоқталып, өлең оқып, ән шырқады. Одан соң «Ерен еңбек» және «Үздік қызметкер» аталымдары бойынша «ҚБМ Үздік премиясы» сыйлығының иегерлері марапатталды.

Мейрам жігіттер арасындағы жарыспен қыза түсті. Білектілер қол күрес, кір тасын көтеру мен ләңгі тебуден сайысты. Қыздар «Керім-ау айдай» бәсекесінде шаш өріп, «Дәстүр айшығы» додасында ұршық иірді. Қолөнерге епті арулар ою ойып, «Тұс киіз» сайысына туынды дайындауға бар шеберлігін салды.

Амал – қазақтың жаңа жыл басы саналатын ерекше мейрам. Ол бүгінге дейін іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың нышаны болып келеді. Көрісу күні сайысқа түсіп, топ жарған жүлдегерлер мен жеңімпаздарға дипломдар, кубоктар мен сыйлық сертификаттары табысталды.

Жарияланған күні:
14 марта 2025

Бөлісу: