
Соңғы бір апта көлемінде Қаражанбас кен орны аумағында итбалық күшіктерін кездестіру фактілері жиіледі. Жұмысшылар сүтқоректіні алғаш рет 28 ақпан күні материалдық техникалық жабдықтау базасы маңынан тауып алған. Мұнайшылар лезде компаниядағы қоршаған ортаны қорғау қызметінің мамандарына хабарласып, күшік теңізге қайта жеткізілді.
Күн өткен сайын Қаражанбасқа келген итбалықтар саны артып жатыр. Қызметкерлер олардың біреуін вахталық қалашықта кездестірсе, ендібірі мұнай өндіру цехы аумағындағы топтық өлшеу қондырғысы жанынан табылды. Сондай-ақ теңіз жағасынан кен орнына келер жолда тағы бір итбалықтың сырғып келе жатқаны видеоға түсіп қалған.
ҚБМ экологтары кен орнында күніне 4 рет шолу жасап, қазірдің өзінде 10-ға жуық итбалықты өз тіршілік ортасына жеткізді. Қысқа және жүзу жарғағы бар теңіз жануары Каспий теңізі жағалауынан 4-5 шақырым қашықта орналасқан кен орнына қар үстінде жорғалау арқылы келген деген болжам бар.
Жарияланған күні:
4 марта 2025
Бөлісу: