
Қаражанбаста «Бөгеттің бұзылу салдарынан кен орны аумағын су басуды жою» тақыбырымен «Көктем — 2025» Республикалық командалық-штабтық оқу жаттығуы аясында тактикалық арнайы жаттығуы өтті. Шараға «Қаражанбасмұнай» АҚ Бас директорының өндіріс бойынша орынбасары Орынбек Тарғынов, Өндірістік Басқарма директоры Ғабит Сәдуақасов, бөлім, цех, қызмет басшылары, мердігер мекемелердің өкілдері, азаматтық қорғаныс жүйесі жетекшілері қатысты.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес сағат 10:17-де орталық инженерлік-технологиялық қызмет (ОИТҚ) диспетчері тактикалық арнайы жаттығуы басталғаны туралы хабарлады. Одан соң ОИТҚ жетекшісі бөгеттің жарылуы нәтижесінде Ақтау-Қаламқас автожолы мен Қаражанбас кен орнының бір бөлігін су басу қаупі туындап, мұнай өндіру цехының теңіз жағалауындағы ұңғымалары және электрмен жабдықтау бағаналары су астында қалғанын, салдарынан абсолютті белгі бойынша судың деңгейі 1 метрге көтерілгені мен электр қуаты өшірілгенін баяндады.
Жағдаймен танысқан оқу-жаттығу жетекшісі теңіз суын сорып алу, апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, жолды жабу, жұмысшыларды эвакуациялау үшін арнайы техникалар мен мамандарды тез арада жіберуге тапсырма берді. Кен орны басшылығы оқиға орнына келгеннен кейінэлектр беріліс қорабының зақымданғанын байқап, қалпына келтіруге нұсқау береді. Апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын атқару үшін 2 арнайы техника келіп, бөгетке топырақ себе бастады. Осы аралықта вакуум жүргізушісінің аяғы жарақаттанып, жұмысшылар рация арқылы медициналық көмек шақырды. Арнайы мамандар жеткенше алғашқы көмек көрсетілді. Эвакуациядан соң жиналу орнына шоғырланған жұмысшыларды автобустар тасымалдады.
Тактикалық арнайы жаттығуға барлығы 40-қа жуық қызметкер, 15 арнайы техника жұмылдырылды. Бақылаушылар тез әрі сапалы қызмет еткен мамандарға алғыс айтып, атқарылған жұмысқа оң баға берді.
Жарияланған күні:
18 февраля 2025
Бөлісу: