
Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадр даярлауға бағытталған.
Қаражанбаста да өндірістегі жұмыстың қиындығына қарамастан мәртебелі мамандықты серік еткен мұнайшылар қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптап ыстығында ел ырысын еселеуге елеулі үлес қосып келеді. Еңбек адамының беделін көтеріп, көпшілікке таныстыру мақсатында ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының ұңғмыларды зерттеу операторы Қайырғали Амантурлиев туралы әңгімелейміз.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, Қайырғалидің әкесі де өлкенің қара алтынын игеруге үлес қосқан мұнайшы. Әке жолын жалғауды мақсат еткен бозбала мектепті тәмамдаған соң политехникалық колледжде білім алып, осыдан 24 жыл бұрын Қаражанбас кен орнына қадам басты. Жұмысқа енді кіріскен жас маманға тәжірибелі операторлар мен шеберлер бағыт-бағдар беріп, жылдар бойы көргені мен көкейге түйгенін бөлісті. Ептілігімен, жауапкершілігімен көзге түскен Қайырғали ұжымға тез сіңіп, бүгінде тіс қаққан маманға айналды.
«Мамандығымды өз жүрек қалауыммен таңдадым. Өндіріс туралы бала кезден естіп өскен соң, мұндағы жұмыс барысы әрқашан қызық көрінетін. Ең бастысы берілген тапсырманы тиянақты орындауға тырыстым. «Еңбек — түбі береке» дегендей, өз ісіңе адал болсаң, қызметің де нәтижелі болатынына сендім» ,- дейді ол.
Кейіпкеріміздің әр жұмыс күні қауіпсіздік техникасын пысықтап, арнайы киім мен құрал-сайманын түгендеуден басталады. Одан соң жұмысшы қажетті құрылғылар арқылы жер қабаттарының қысымын, мұнай деңгейі мен қызуын тексеруге кіріседі. Қайырғали көбіне ұңғымаларды күрделі және жерасты жөндеу кезінде зерттеу жүргізу процесіне қатысады. Бұл цех операторлары қызметінің қиын бөлігі саналады. Жұмыс барысында олар заманауи технологиялар мен тың әдіс-тәсілдерді қолданады.
«Күн сайын кем дегенде 20 ұңғыманы зерттеймін. Сондықтан 24 жыл ішінде ұңғыма жұмысын үнсіз ұғатын деңгейге жеттім деп айта аламын. Кен орнында біздің кедергісіз жұмыс істеуіміз үшін барлық жағдай жасалған. Өз ісімді қатты жақсы көремін. Алдағы уақытта да Қаражанбастың дамуы үшін тынымсың еңбек етуге дайынмын»,- дейді кейіпкеріміз.
Әріптестері Қайырғалиді «сөздің емес, нағыз істің адамы» деп атайды. Себебі ол жұмыстың қиындығынан қашпай, тапсырған істі жауапкершілікпен атқарады. Сондай-ақ өзінен кейінгі толқыннан ақыл-кеңесін аямайды. Қаражанбас өндірісті өркендетуді кәсіби міндеті әрі азаматтық борышы санайтын осындай еңбек адамдарымен қуатты.
Жарияланған күні:
27 января 2025
Бөлісу: