БІРЛІКТІ НЫҒАЙТҚАН ВОЛЕЙБОЛ ЖАРЫСЫ

16 Ақпан 2024

Қаражанбастың №3 мұнай өндіру цехы (МӨЦ) жұмысшылары арасында «Ынтымақ – достық бастауы» ұранымен волейбол сайысы өтті. Цехішілік жарысқа ІІ вахтаның бригадалары ұйымшылдықпен қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті.

Жеңіске жету – мықты дайындықты талап етеді. Сондықтан қатысушылар шапшаңдық пен қырағылық, тың техника мен үздік әдістерді талап ететін волейбол ережелерін жетік меңгерген. Мұнайшылардың тактикалық қимыл-қозғалысы мен сәтті соққылары кәсіби волейболшылар ойынынан кем түспеді.

«Біздің негізгі мақсатымыз – ұжым бірлігін нығайтып, жұмыстан тыс уақытта да қарым-қатынасты дамыту. Алайда жарыс болғаннан кейін әр команда жеңіске жетуді қалайды. Өзге бригадалардағы әріптестеріміздің ойынын көріп, таңдай қақтық. Кіл мықтылар жиналған №3 МӨЦ жұмысшыларының ынтымағы арта берсін!» -, деді жұмысшылар.

Тартысты жарыс нәтижесі бойынша, 30А Топтық өлшеу қондырғысы (ТӨҚ) ұжымы үшінші, 30Б ТӨҚ қызметкерлері екінші орын қанжығалады. Ал үздік ойынымен алға шыққан 30 ТӨҚ командасы жарыс жеңімпазы атанды.

Жарияланған күні:
16 Ақпан 2024

Бөлісу: