
«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жұмысшылары «Идеялар банкі» бағдарламасына өз жобаларын ұсынды. Ғылыми-техникалық кеңестің кезекті тоқсандық отырысында №1 мұнай өндіру цехының техник-геологі Жәнібек Жұбаназаров крандарға аэраторлар орнату арқылы су үнемдеу және апараттық технологиялар қызметінің инженері Жақсылық Сәрсенов қызметкерлерге жұмысқа қажетті анықтамаларды қашықтан алудың тиімді тәсілін таныстырды.
Суды үнемдеу табиғи ресурстарды сақтауға, экономикалық тиімділікті арттыруға тікелей әсер етеді. Сондықтан мұндай бағыттағы жобалар қашан да өзекті. Жәнібек аэраторлар арқылы суды үнемдеу бойынша алдын ала тәжірибе жасап, оң нәтиже көрген соң компания басшылығына жобасын ұсынуды жөн санапты. Аэратор – торлы экран және бірнеше тесіктері бар, кран басына жалғанатын кішкентай саптама. Ол краннан аққан суға ауа араластырып, су ағынын азайтуға көмектеседі. Автордың айтуынша, аэратор арқылы су жұмсақ әрі біркелкі ағады. Оны орнату көп шығынды талап етпейді. Жоба тұрмыстық қажеттіліктер үшін су тұтынуды 30%-ға үнемдеуге мүмкіндік береді.
Кезекті жоба — қажетті анықтамалар алуға арналған Telegram-бот. Жақсылық Сәрсенов қызметкерлердің кеңсеге келмей-ақ, қажетті анықтамаларды қашықтан алуды қамтамасыз ететін бот жасауды бір жыл толық зерттеген. Осылайша ол ботты жасап, сынақ режимінде іске қосып көрді. Әзірге әр қызметкер телефон нөмірін енгізу арқылы компанияда жұмыс істейтіні туралы анықтама ала алады. Инженер алдағы уақытта бот көмегімен еңбек демалысына шығуға өтініш жазу, жалақы туралы анықтама алу сияқты бірқатар қызмет түрін қосуды көздеп отыр. Бұл жұмысшылардың уақытын үнемдеуге, жұмыс тиімділігін арттыруға пайдасын тигізері сөзсіз.
Қос жоба ғылыми-техникалық кеңес қатысушылары мен компания басшылығының оң бағасын алды. Енді авторлар жобасын енігізу бойынша жұмыстар басталмақ. Айта кетейікк, «Идеялар банкі» платформасы — компания жұмысшыларынан рационализаторлық ұсыныстарды қабылдау процесін автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе. Бұл жұмысшыларға идеяларымен бөлісуге мүмкіндік береді.
Жарияланған күні:
22 октября 2024
Бөлісу: