
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (ҚМГ) компаниялар тобы қызметкерлері арасында өткен «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауы мәреге жетті. Білімді де тәжірибелі, өз ісінің шеберлері арасындағы тартысты додада «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жұмысшылары 7 жүлделі орын иеленіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Салтанатты марапаттау рәсімінде ҚМГ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов қатысушыларды сайыстың сәтті аяқталуымен құттықтап, мұнайшы болу — үлкен жауапкершілік пен мәртебелі қызмет екенін атап өтті.
Қорытындыға сәйкес, ҚБМ намысын қорғаған ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадасы үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ «Үздік 320 цементтеу агрегаты машинисі» аталымында Есім Басшиев пен Асылбек Нұрғалиев, «Үздік қабат қысымын ұстау операторлары» арасынан Роман Аманшаев ІІІ орынға лайық деп танылды. Ал «Үздік компрессорлық қондырғы машинисі» аталымында Азим Шубаев және «Үздік бақылау-өлшеу құралдары мен автоматика слесарі» аталымында Жеңісбек Маханбетов ІІ орынды қанжығасына байлады. «Үздік ұңғымаларды зерттеу операторы» аталымында Арғын Кенжемағанбетов пен «Үздік мұнай және газ өндіру операторы» аталымында Мұратжан Теңізбаев шашасына шаң жұқтырмай, жеңімпаз атанды.
Айта кетейік, байқауда Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласынан және Румыниядан келген KMG International компаниясының үмітін арқалаған сайыскерлер 17 аталым бойынша бақ сынады. Олар алдымен компьютерлік тестілеу арқылы теориялық білімін дәлелдеп, тәжірибе кезеңінде берілген тапсырманы мінсіз орындауға тырысты.
«Үздік маман» — жыл сайын өз ісінің нағыз шеберлерін анықтайтын тартысты дода. ҚБМ басшылығы мен еңбек ұжымы компания абыройын асқақтатып, қоржынға жүлде салған жұмысшыларды мақтан тұтады.
Жарияланған күні:
12 октября 2024
Бөлісу: