«ЕРЕН ЕҢБЕК ПЕН ҮЗДІКСІЗ ӨНДІРІС»: ҚАРАЖАНБАСТЫҢ АЛҒАШҚЫ МҰНАЙ БҰРҚАҒЫНА 50 ЖЫЛ

11 Октябрь 2024

Қаражанбас мұнайының жарты ғасырлық мерейтойы – компания тарихындағы маңызды дата. Осыған орай кен орны ашылған шақтан бастап «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) даму кезеңдері, жеткен жетістіктері тізбектелген салтанатты кеш өтті. Шараға ҚБМ Басқармасы, экс-басшылар, сала ардагерлері, қос кәсіподақ төрағасы, өндірісте және кеңседе ширек ғасыр еңбек еткен жұмысшылар қатысты.

Салтанатты кеш мерейтойға арнайы түсірілген «Қаражанбас-Қазынам» деректі фильмімен басталды. Картина арқылы көрермендер өткенге саяхат жасап, естеліктерді еске түсіріп, ерекше әсерге бөленді. Басқарма жиналғандарды 50 жылдықпен құттықтап, компания дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

«Қаражанбас елу жыл ішінде қанатын кеңге жайып, тек өлке емес, еліміздің еңселі мұнай компанияларының қатарына енді. Бұл мыңдаған мұнайшының, ең бастысы ардагерлеріміздің ерен еңбегінің жемісі. Жарты ғасыр бойы қиындықтарға мойымай, сауатты шешім қабылдап, табандылық танытқанның арқасында осындай белесті бірлесе бағындырдық! Қара алтынымыз сарқылмай, компаниямыздың алар асуы молая берсін!»,- деді Бас директор Марат Елеусінов.

Мерекеде Қаражанбас кен орнын ашқан өлкеміздегі алғашқы ардагер геологтардың бірі Әділ Нұрманов пен бұрын компанияны жүйелі басқарған экс-басшылар да құрметке бөленді. Мәртебелі меймандарға қазақи дәстүрмен шапан жабылып, мерекелік төсбелгі табысталды. Олар да өз кезегінде қаражанбастықтарға ақ тілегін ақтарып, табыс тіледі.

Қаражанбас талай еңбек адамын бір ортаға тоғыстырған қайнаған өндіріс ордасы. Өлке мұнайын игеру жолындағы мұнайшылар еңбегі жоғары құрметке лайық. Кеште ҚБМ қызметкерлері компанияның әнұранын орындап, ұжымға  патриоттық рух сыйлады. Салтанатты шара өлке өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Жарияланған күні:
11 октября 2024

Бөлісу: