8 АЙ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІ

10 Октябрь 2024

 «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) басшылығы І вахтаның еңбек ұжымына 2024 жылдың 8 айында атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру кездесуін өткізді. Жиналыста Бас директор Марат Елеусінов пен Бас директор орынбасарлары компанияның өндірістік, геологиялық, қаржылық, коммерциялық, кадр және әлеуметтік салалары бойынша көрсеткіштерді таныстырып, жыл соңына дейінгі жоспарларын бөлісті.

Өндірістік блок бойынша 2024 жылғы 8 ай ішінде Қаражанбаста 1 434 мың тонна мұнай өндірілді. 64 жаңа ұңғы қазылып, тәуліктік бу айдау көлемі  16,7 мың тоннаға жетті. ҚБМ 8 ай ішінде Актау-Махачкала-Новороссийск, Атырау-Самара-Усть-Луга, Атырау-Самара-Новороссийск бағыттары бойынша 1 162 мың тонна мұнай экспорттады.  Сондай-ақ «CASPI BITUM» зауытына 514,0 мың тонна битум жеткізді.

Бұдан бөлек, кен орнының теңіз жағалауы бөлігінде 19 шаршы шақырымға 3D және 110 сызықтық шақырымға 2D сейсмикалық барлау жүргізді. Геологтар бұл кен орнының терең қабаттарынан жаңа деректер алуға көмектесетінін және Қаражанбастың мұнай қорын ұлғайтуға жаңа мүмкіндіктерді арттыра түсетінін жеткізді.

Мұнайшылардың еңбек және әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жыл басынан бері қолданыстағы Ұжымдық шартқа қосымша келісім жасалды. Сондай-ақ автопаркті жаңарту бойынша әзірге  41 техника сатып алынды. Аутстаффингтен ҚБМ штатына қызметкерлер қабылдау аясында 40/40/20 қағидаты бойынша 49 адам жұмысшылар қатарын толықтырды. Бұдан бөлек, кен орнынан алғаш мұнай фонтаны атқылағанына 50 жыл толуына орай мәдени, қайырымдылық, спорттық шаралар өткізіліп, мұнайшыларға мерекелік төсбелгілер мен марапаттар табысталды.

8 ай ішінде 12 жазатайым оқиға тіркелді. Оның үшеуі өндіріске қатысты оқиға болса, 9 факт өндіріске байланысты емес. Ал «Қорғау» бағдарламасы бойынша 678 карта өңделді. Мұнаймен ластанған 46 гектар тарихи жер қалпына келтіріліп, цехтар мен полигон аумағына 700 жасыл желек отырғызылды.

Кездесуде еңбек ұжымына осы және өзге де ақпараттар бойынша толық мәлімет берілді. Баяндамалардан соң жұмысшылар басшылыққа өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Басқарма жыл соңына дейін әлі де атқарылатын ауқымды істер бар екенін алға тартып, қызметкерлерді ұйымшылдықпен еңбек етуге шақырды. 

Жарияланған күні:
10 октября 2024

Бөлісу: