ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУ – БЕРІК ДОСТЫҚ КЕПІЛІ

5 Август 2024

Қаражанбаста Бозашы түбегінен орын тепкен қос кен орны жұмысшылары арасында шағын футбол және үстел теннисінен жолдастық кездесу өтті. «Қаражанбасмұнай» АҚ мен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-на қарасты Қаламқас қызметкерлерінің бұл жолғы бәсекесі Қаражанбас мұнайының 50 жылдығына арналды.

Алдымен мұнайшылар жасыл алаңға жиналып, аяқдоп додасында шеберлігін паш етті. Жарыс жолдастық кездесу деп аталғанымен қос команда бір-бірінен басым түсуге барын салды. Алғашқы гол жанкүйерлерді көп күттірмеді. Қаражанбас командасы допты қақпаға дөп бағыттап, есеп ашты. Қарсыластар да мықтылығын дәлелдеу үшін футзал тактикасын ұстана отырып, сәтті пастар арқылы әсерлі голдар соқты. Ойын қорытындысы бойынша есеп 8:8 болды. Осылайша жолдастық кездесуде достық жеңді.

Ал үстел теннисі сайысында мұнайшылар жылдамдығын, ептілігі мен қырағылығын сынға салды. Жұмысшылар жеке жарыста да өз компаниясының намысын алдыңғы орынға қойды. Тартысты ойында төрешілер шешімімен  қаламқастық Бауыржан Адамбаев үздік үштікті түйіндеді. Қаражанбас намысын қорғаған Бекзат Шадкам ІІ орынға лайық деп танылды. І орын  Қаламқас кен орнынан келген қонақ Ақберген Бекмұхановқа бұйырды.

Мұнай жолдастық кездесулер Бозашыдағы қос кен орны ұжымы арасында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл қаражанбастықтар мен қаламқастықтардың бірлігін нығайтып, ынтымақтастығын берік ете түседі. Әріптестер ортақ мақсат – Маңғыстау мұнайын игеру жолында бір-бірімен тәжірибе алмасып, тынымсыз тер төгуге әрқашан дайын екенін жеткізді.

Жарияланған күні:
5 августа 2024

Бөлісу: