
ҚАРАЖАНБАСТЫҚ ҚОС БАЛУАН САМБОДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНАН КӨРІНДІ «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) қос жұмысшысы Самбодан Азия және Океания чемпионатында жарқын нәтиже көрсетті. Байрақты бәсекеде Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаментінің (БжҰЖКЖД) шебері Сәндібек Дүйсенбеков қола жүлде қанжығалады. Ал 64 келі салмақта өнер көрсеткен технологиялық көлік департаментінің (ТКД) цементтеуші агрегат моторисі Бауыржан Есболаев алтын медальға ие болып, Азия чемпионы атанды.
Самбо саңлақтарының боз кілемдегі белдесулері бес күнге жалғасты. Жарыста Азия құрлығына қарасты 25 мемлекеттен келген спортшылар өз елінің намысын қорғауға барын салды. Өндіріс пен спортты қатар алып жүрген қос мұнайшы тұрақты дайындық пен жеңіске ұмтылыс арқасында самбоның әдіс-тәсілдерімен тиімді қолдана білді. Асығы алшысынан түскен жігіттер компания абыройын асқақтатумен қатар, ел қоржынына қос медаль салып, көк туымызды көкте желбіретті.
«Әр жетістіктің артында мықты физикалық және психологиялық дайындық бар. Ауқымды чемпионат болғандықтан балуандардың бәрі мықты. Десе де, ел сенімін ақтау үшін барымызды салдық. Қолдаған жақындар мен ұжымдастарға шексіз алғысымызды білдіреміз. Қаражанбаста өндірістік жетістіктермен қатар спорт чемпиондары да көбейе берсін!»,- дейді балуандар.
Дүбірлі додада үздік атанған қос балуан жетістіктерін әлі де еселеуді көздейді. Олар алдағы уақытта Душанбеде өтетін самбодан Әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр. Ал ҚБМ басшылығы мен еңбек ұжымы жауырыны жерге тимеген балуандарды шын жүректен құттықтай отырып, жеңісті күндердің көп болуын тілейді.
Жарияланған күні:
17 мая 2024
Бөлісу: