
«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) «Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті» КЕАҚ-ның (Yessenov University)білімді де қабілетті түлектерін жұмысқа орналастыру үшін жаңа мүмкіндікке жол ашпақ. Елдегі жұмыспен қамту жүйесін жетілдіруге, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін білікті кадрлар даярлауға, жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өндіріске бейімделуге жәрдемдесу мақсатында ҚБМ мен білім ошағы арасында «Yessenov University түлектерін жұмысқа орналастыру туралы» ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Келісім талаптарына сәйкес YU түлектері өндірістік қажеттілік бойынша бос жұмыс орындарының жалпы санының «20%» қағидаты бойынша ҚБМ аутстаффингіне қабылданады. Ол үшін түлек аталмыш университетте компанияға қажетті өндірістік мамандықтар бойынша бакалавр немесе магистратураны тәмамдауы қажет. ҮміткерGPA деңгейі 3,67-ден кем емес немесе үздік диплом иесі, ал жасы 18 бен 34 аралығында болуы шарт. Сондай-ақ түлектің олимпиадалар мен түрлі ғылыми жобаларға, байқауларға қатысуы, ғылыми жетекшілердің ұсынысы, тәжірибеге бағытталған оқыту жобасы аясында бұған дейін Қаражанбас кен орнында тәжірибеден өтіп, өндірістегі жетекшілердің оң бағасын алғанына басымдық беріледі. «Біз облысымыздағы маңдайалды білім ордасымен тығыз әріптестік байланысымызды жаңа бағытта дамытпақпыз. Заманауи, креативті, алғыр да талапты жас мамандардың өлке өндірісін дамытуға тың серпін беріп, компаниямызды дамытуға сүбелі үлес қосатынына сеніміміз мол. Қос тараптың бірлескен жобасы талай жасты өз ісінің шебері етіп шыңдауға жола ашады деген үміттеміз »,- деді ҚБМ Бас директоры М. Елеусінов. Үміткерлер ҚР еңбек заңнамасына сәйкес үш айлық сынақ мерзімінен кейін ҚБМ аутстаффингіне қабылданады. Осылайша YUтүлектері Қаражанбас кен орнында вахталық әдіспен жұмыс істеп, қара алтын игеру процесіне араласады. Айта кетейік, ҚБМ бірнеше жылдан бері жастардың өз қабілеттерін паш етуге мол мүмкіндік беріп келеді. Осы күнге дейін тәжірибеге бағытталған оқыту жобасы аясында жүзге жуық YU және колледжі студенті теориялық білімін тәжірибеде қолданып үлгерді.
Жарияланған күні:
15 апреля 2024
Бөлісу: