ОРТАЛЫҚ КЕҢСЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУ

12 Апрель 2024

«Қаражанбасмұнай» АҚ орталық аппарат қызметкерлері шағын футболдан жолдастық кездесу өткізді. Салауатты өмір салтын ұстанып, ұжымдық бірлікті нығайтуға арналған аяқдоп бәсекесінде 5 команда бақ сынады. Басқарма аппараты, өндірістік, қаржы, коммерциялық, кадр және әлеуметтік блоктарға қарасты департаменттердің абыройын арқалаған қызметкерлер өз командаларының намысын қорғау жолында ерекше ойын өрнегін көрсетті.
 
Тартысты бәсеке олимпиадалық жүйе бойынша өтті. Жеребе нәтижесіне сәйкес, алдымен «Өндірістік блок» және «Қаржы-экономикалық блок» командалары кездесті. Өндірісті автоматтандыру бөлімінің жетекші инженері Мұхтар Құрашев қақпаға допты тура бағыттап, алғашқы гол авторы атанды. Ойыншылардың мықты соққылары мен сәтті пастары командаларды жеңіске жақындата түсті. Әріптестер арасындағы өзара түсіністік пен футзал техникасын тиімді ұстану нәтижесі жанкүйерлер қолдауымен жарасым тапты.
 
«Бүгінгі ойын біз үшін өте ерекше, әсерлі болды. Әріптестер жұмыстағы қабілетінен бөлек, спортқа бейімділігін, физикалық мықтылығын паш етті. Ең бастысы – ұйымшылдық. Бәріміз жұдырық боп жұмылсақ кез келген бәсекелестен мықты екенімізді түсіндік»,- деді ойыншылар.
 
Жолдастық кездесу қорытындысы бойынша жаңа техника және технология қызметінің жетекшісі Нұралы Гулджумаров «Үздік қорғаушы», заң департаментінің аға заңгері Дәулет Мұратбаев «Үздік қақпашы», ал Бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Тао Е «Үздік ойыншы» аталымына лайық деп танылды. Командалар арасынан «Басқарма аппараты» жігіттері ІІІ орын алса, «Коммерциялық блок» командасы ІІ орынға тұрақтады. Шашасына шаң жұқтырмаған «Өндірістік блок» командасы жарыс жеңімпазы атанды. Жүлдегерлерге дипломдар мен естелік сыйлықтары берілді. Ал чемпион командаға ауыспалы кубок табыс етілді.

Жарияланған күні:
12 апреля 2024

Бөлісу: