
«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) геология және игеру департаментінің бірқатар қызметкері геологтардың кәсіби мерекесіне орай марапатқа ие болды. Компанияның Бас директоры Марат Елеусінов ел экономикасы мен мұнай-газ саласының өркендеуіне үлес қосып жүрген қаражанбастықтарды құттықтап, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және ҚБМ-ның құрмет грамотасы мен алғыс хаттарын табыс етті.
«Геологтар — мұнай өндірісінде өзіндік орны бар мәртебелі мамандық иелері. Кен орны мен орталық кеңседегі әріптестердің бірлескен еңбегі арқасында Қаражанбас жыл сайын қарыштап дамып келеді. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Жоспарлы істер сәтті орындалып, алған асуымыздан алар асуымыз көп болсын!»,- деді ҚБМ Басқармасы.
Мерекеде сала ардагері де назардан тыс қалмады. ҚБМ басшылығы компанияда 40 жылға жуық уақыт еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан Ажар Качаеваға құрмет көрсетті. Зейнеткер ізбасарлар ілтипатына риза болып, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ ол ҚБМ жаңалықтарын үнемі бақылап, жетістіктерге қуанып отыратынын жеткізді.
Кен орнында және орталық кеңседе қызмет ететін мақтаулы мамандық иелерінің алдағы жоспары ауқымды. Жерасты байлықтарын жетік меңгерген олар көздеген мақсатқа жету үшін бірлесе еңбек етуге әрқашан дайын.
Жарияланған күні:
12 апреля 2024
Бөлісу: