ТӨРЛЕТ, ӘЗ-НАУРЫЗ!

20 Наурыз 2024

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) ұжымы Ұлыстың Ұлы күні әз-Наурызды сән-салтанатпен атап өтті. Орталық кеңсе қызметкерлері қазақи нақышта киініп, дәстүр бойынша әуезді әндер шырқалды, күй күмбірлеп, айнала ерекше көңіл-күйге бөленді. Театр әртістерінің сахналық қойылымы мен концерттік бағдарламасы думанның ажарын аша түсті.

Іс-шарада жұмысшылар құрметке бөленіп, бір қатары облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ амал күні өткен сайыстың қорытындысы жарияланып, жеңімпаз және жүлдегер департаменттер марапатталды. Бұдан бөлек, «Ынтымағы жарасқан» және «Жыл жаңалығы» аталымдары бойынша ҚБМ үздіктері анықталды. Мерекеде марапат алғандарға дипломдар мен арнайы сыйлықтар, статуэткалар табыс етілді.

Әз-Наурызда спорттық ойындар да назардан тыс қалмады. Қызметкерлер ләңгі тебу, қол күрес, кір тасын көтеру бойынша бағы мен бабын сарапқа салды. Көрікті көктеммен ілесе жеткен мейрамға орай ақ дастархан жайылып, қаражанбастықтар ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм татты.

Ұлыстың Ұлы күні – дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Осылайша тарихи тамыры тереңге бойлаған Наурызда жұмысшылар бір-біріне шынайы көңілден амандық, молшылық пен жақсылық тілеп, жүрекжарды лебізін арнады.

Жарияланған күні:
20 Наурыз 2024

Бөлісу: