
«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) басшылығы І вахтаның еңбек ұжымына 2023 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру кездесуін өткізді. Басқарма жұмысшыларға компанияның негізгі өндірістік, қаржы-экономикалық, коммерциялық, кадр және әлеуметтік салалары бойынша нәтижелерді таныстырды.
Кездесу былтыр атқарылған жұмыстар топтастырылған бейнеролик көрсетілімінен басталды. Одан соң ҚБМ Бас директоры Марат Елеусінов өндіріс бойынша жылдық жоспарды орындау кезінде кездескен кедергілерден ұйымшылдықпен жол тапқан еңбек ұжымына алғыс айтты. Бұдан бөлек ол компанияда мұнай өндіру көлемін арттыру мен жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағыты бойынша нәтижемен бөлісті.
Ал Бас директор орынбасарлары өз бағыттары бойынша негізгі көрсеткіштерді тарқатып айтты. Былтыр Қаражанбас кен орнында 2 053,0 мың тонна мұнай өндіріліп, жылдық жоспар 99,8 пайызға орындалды. Сондай-ақ геологиялық қор көлемі артты. Мұнайшылардың еңбек, тұрмыстық және әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар сәтті жалғасты. Нақтырақ айтсақ, автопаркті жаңарту бағдарламасы аясында жаңа техникалар алынып, жатақхана подъездеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ең бастысы ҚБМ-да қабылданған қауіпсіздік шаралары нәтижесінде өндірістегі жарақаттану мен жазатайым оқиғалар саны азайды.
Спикерлер баяндамасынан соң жұмысшылар басшылыққа сұрақтар қойды. Тараптар пікірлерді объективті талқылап, шешу жолдарын қарастырды. Басқарма еңбек ұжымына ең алдымен қауіпсіздік техникасын сақтаудың аса маңызды екенін ескерте отырып, биылға бекітілген жоспарды сәтті орындау үшін жұдырықтай жұмылудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Жарияланған күні:
19 марта 2024
Бөлісу: