
Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Қаражанбас кен орнында ІІ вахта мұнайшыларының білімі мен зияткерлік қабілетін сынға салатын «Салт – дәстүрім асыл қазынам» атты танымдық-зияткерлік ойыны өтті. Сайысқа өндірістік цехтардан 6 жұп қатысып, 5 кезең бойы қолданыстағы және байырғы салт-дәстүр, жөн-жоралғылар мен ырым-тыйымдар бойынша білімін ортаға салды.
Жарыс салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап беруден басталды. Артынша қатысушылар ұлттық спорттық ойындар жасырылған ребустарды шешті. Қатысушылар әр кезең сайын ұпайларын еселеп, намысты қолдан бермеуге барын салды. Бұдан соң олар дәстүрлі әндер мен күйлерден үзінді тыңдап, атауларын табуға тырысты. Сондай-ақ бейне сұрақтарға жауап беріп, ұмыт болған салт-дәстүрлердің мән-мағынасын ашты.
«Сайыс өте тартысты болды. Күнделікті өмірде естіп-көріп жүрген ырым-тыйым, жөн-жоралғыларға кейде аса мән бермейді екенбіз. Дегенмен бар білімімізді паш етіп, ұмытқанымызды еске түсірдік. Мұндай шаралар біздің білімімізді шыңдап, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеуге ерекше үлес қосады. Ұйымдастырушыларға көп рақмет! Мереке құтты болсын!»,— деді қатысушылар.
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда. Бәсекеге толы ойын кіл мықтыдан шын мықтыларды анықтады. Ұпай саны бойынша үздік үштікті мұнай дайындау және айдау цехының (МДАЦ) жігіттері түйіндеді. Екінші орынға қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің (ҚжЕҚБ) қатысушылары ие болды. Ал бағы мен бабы қатар шапқан өндірісті автоматтандыру цехының (ӨАЦ) ойыншылары сайыс жеңімпазы атанды. Ең бастысы жұмысшылар ұлттық құндылықтарымыз хақындағы ақпараттарға қанық болып, көне ғұрпымызға қатысты мәліметтерді көңіл сандығына түйіп қайтты.
Жарияланған күні:
18 марта 2024
Бөлісу: