ЛАБОРАНТ РОЗА — ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ!

6 Март 2024

 Қаражанбас талай жас мұнайшыны кәсіби білікті маманға айналдырған қазыналы кен орын. Бозашының қою мұнайын игеру ісіне араласып, ерлермен иық теңестіре еңбек етіп жүргендер арасында нәзік жанды қыз-келіншектер де бар. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында еңбек деген белесті бағындырып, құрметті демалысқа шығып жатқан ұңғымаларды ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының (ҰҒЗӨЖЦ) лаборанты Роза Асанованың өнегелі еңбек жолы туралы әңгімелейміз.

Кейіпкеріміз алғашқы вахтаға осыдан 38 жыл бұрын келген. Содан бері мұнай құрамын талдайтын зертхана оның екінші үйіне айналды.  Теориялық білімін аға буынның ақыл-кеңесімен толықтырып тәжірибе жинаған Роза, жұмысының қиындығынан гөрі қызығы басым болғанын айтады. Кейіпкеріміз жұмыс барысында мұнай концентраттары мен қосалқы материалдарға, мұнай өнімдері мен қалдықтарына, қышқылдар мен тұздар  құрамына күрделі талдау жүргізеді. Осылайша Роза Қаражанбас қойнауынан шыққан мұнай құрамын бес саусағындай жетік меңгерген.

«Мен өмірімнің ең жарқын да маңызды, мағыналы сәттерін сүйікті қызметіме арнап, ұйымшыл ұжымдастар тапқаныма шын қуаныштымын. Біз біртұтас отбасы ретінде Қаражанбастың гүлденуіне айтарлықтай үлес қостық деп ойлаймын. Зейнет демалысына ерекше құрметпен шығарып салып жатқан әріптестеріме алғысым шексіз!»,- дейді Р.Асанова.

Кәсібилік пен жауапкершілік, тиянақтылық пен табандылық, нәзіктік пен адамгершілік… Мұның бәрі білікті маман, тағылымды тәлімгер, үлгілі әріптес, адал дос Роза Асанованы сипаттайтын тіркестер. Таңдаған мамандығы мен бойындағы адамдық асыл қасиеттерді тең ұстаған жұмысшы сүйікті зертханасын ізбасар әріптестеріне табыстап, соңғы вахтасын сәтті тәмамдады. Оның Қаражанбасты дамытуға қосқан  еселі еңбегі компания тарихында алтын әріппен таңбаланары сөзсіз.

Жарияланған күні:
6 марта 2024

Бөлісу: