ҚАРАЖАНБАС МҰНАЙЫНЫҢ ҚҰРДАСЫ

22 Февраль 2024

Қаражанбаста алғашқы мұнай фонтаны атқылағаннан бастап ел ырысын еселуге атсалысып келе жатқан мыңдаған мұнайшының еңбек жолы компания тарихымен бірге таңбаланып келеді. Ширек ғасырдан бері қазыналы мекеннің жерасты байлығын игеруге елеулі үлес қосып келе жатқандардың бірі — Бас механик қызметінің аға механигі Марат Қилыбаев.

Жаңа ғасырмен бірге Мараттың өмір дастанында жаңа тарау басталды. Ол Қаражанбас кен орнына алғаш рет қадам басып, пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехына слесарь болып жұмысқа орнласты. Аталмыш цехтың тынысымен танысқаннан соң, қызметін құрастырушы ретінде жалғастырды. Одан соң кен орнында жетекші инженер боп жұмыс істеді. Қазір компанияның орталық кеңсесінде Бас механик қызметінің аға механигі. Марат әріптестерімен бірге өндірістік жабдықтар мен құрал-саймандардың техникалық сипаттамаларын, құжаттарын реттеп, құрылғыларды жөндеу жұмыстарының тез әрі сапалы жүргізілуін бақылауда ұстауға жауапты.

«Өндірістегі кез келген жабдықтың жұмыс процесінде алатын орны ерекше. Сондықтан істен шыққан құрылғыларды қалпына келтіріп, қатарға қосу аса маңызды. Біздің басты мақсатымыз – өндіріс үздіксіздігін сақтау болғандықтан, жұмысымызға жауапкершілікпен қарап, берілген тапсырмаларды мінсіз орындауға барымызды саламыз»,- дейді кейіпкеріміз.

Жастықтың жалынды жылдарын өндіріске арнаған Марат Қилыбаев – Қаражанбас мұнайының құрдасы. Кен орнынан алғашқы фонтан атқылғанына жарты ғасыр толған шақта, ол да еңселі елу жасты еңсерді. Білікті маман  бойында күш-қуаты мен жігері барда компанияның қарыштап дамуына әлі де өлшеусіз үлес қосатынына сенімді.

Жарияланған күні:
22 февраля 2024

Бөлісу: