«АЛЫП» ҚАТЫСУШЫЛАРЫ АВТОРЛЫҚ ЖОБАЛАРЫН ҚОРҒАДЫ

30 Январь 2025

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) қызметкерлері компания басшылығына жұмыс өнімділігін арттыру бойынша жобаларын ұсынды. Жиналысқа Бас директор Нұрпейіс Сәрсенбай, құрылымдық бөлімше және өндірістік басқарма басшылығы, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның «Алып» жетілдіру көшбасшыларын дайындау бағдарламасының түлектері қатысты. Мұнайшылар  ысырапсыз көзқарасты ұстана отырып, креативті шешімдер арқылы жұмыс барысын жеңілдету тақырыптарын талқыға салды.

 Былтыр Қаражанбастың өндірістік цехтарынан 7 жұмысшы «Алып» бағдарламасының үш модульдік оқуына қатысты. Олар өзге компаниялардағы әріптестерімен бірге білімін шыңдап, қызмет барысындағы проблемаларды тізбектеп, шешу жолдарын зерттеген еді. Жұмыс нәтижесін арттыру жобаларын дайындаудың қыр-сырын меңгерген «Алыптың» әр түлегі басшылыққа идеяларын таныстырды. Олар өз қызметінің бағыттары бойынша тежегіш регистрлардың істен шығуын төмендету, бу айдау ұңғымаларына реттегіш орнату, қоршауы бар қауіпсіз баспалдақ қою, өндірілетін мұнайдың сулануын анықтау процесінің тиімділігін арттыру, тәуліктік есеп мәліметтерін қағаз нұсқадан электрондық нұсқаға ауыстыру жолдары, коалесцентті сүзгілердің тиімділігін арттыру, нефрас ерітіндісін қайта қолдану сияқты тақырыптарды тұтас жобаға айналдырған.

Басшылық жұмысшылардың жобасына оң баға беріп, өндірістегі өзекті мәселелер қозғалғанын атап өтті. Сондай-ақ техника қауіпсіздігіне ден қоюды тапсырды. Ал авторлар бастаған істі әрі қарай зерделеп, жұмыс барысына енгізу бағытында жұмыстанбақ.

Жарияланған күні:
30 января 2025

Бөлісу: