ҚБМ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ҮШІН МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ

27 Январь 2025

Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (ҚМГ) еншілес ұйымдары бас директорларының IX жыл сайынғы «Қауіпсіздік мәдениетін дамытудағы көшбасшылық» форумы өтті. Іс-шараға ҚМГ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚМГ еншілес кәсіпорындарының бас директоралары және «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.», «Теңізшевройл» және «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» сияқты ірі мұнай-газ компанияларының өкілдері қатысты.

Қатысушылар өндірістік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін талқылап, өз тәжірибелерімен бөлісті. А.Хасенов ҚМГ қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға, қызметкерлердің денсаулығын сақтауға және өз қызметін жүргізетін өңірлерде экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ерекше назар аударатынын атап өтті.

«Қауіпсіздік ─ тұрақты жұмыс пен жетілдіруді қажет ететін үздіксіз процесс. Бұл ─ біздің басты корпоративтік құндылықтарымыздың бірі. Барлық деңгейдегі басшыларға ерекше жауапкершілік жүктеледі. Олар қызметкерлеріне осы принциптерді ұстануда үлгі болуы тиіс. ҚМГ өндіріс нысандарындағы жұмысшылардың қауіпсіздігі мен жағдайының жайлы болуына ерекше мән бере отырып, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарды мақсатты түрде жалғыстырады», — деді ҚМГ басшысы.

Форум аясында ҚМГ еншілес компанияларының еңбекті және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жетістіктері ескерусіз қалмады. «Қаражанбасмұнай» АҚ-на (ҚБМ) «Қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін» марапат табыс етілді.

ҚБМ экологиялық мәселелерге және қалдықтарды басқаруға ерекше көңіл бөліп келеді. Былтыр ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі және ҚМГ-мен ынтымақтастық туралы меморандум аясында тарихи мұнаймен ластанған жерлерді тазарту жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде 518 579 тонна тарихи мұнай қалдықтары кәдеге жаратылды.

Жарияланған күні:
27 января 2025

Бөлісу: